Мақтаарал ауданының әкімі өз таңдауын жасады

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентіндегі С.Рахымов жалпы орта мектебінде орналасқан №890 сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасады.

Таңдауынан соң республикалық «Түркістан» телеарнасы мен жергілікті «Санұр» телеарнасына сұхбат беріп, тікелей эфир арқылы барша аудан тұрғындарын сайлауға белсене қатысуға шақырды.

ҚР Президент сайлауы — ел тарихының жаңа парақшасын ашып, мемлекетіміздің жаңа болашаққа қадам тастайтынын аудан басшысы атап өтті.

«Ендігі Президентіміз тек 7 жылға ғана 1 рет сайлана алады. Осы уақыт аралығында барынша тиімді саясат ұстанып, елді дамыту үшін бар күш-жігерін арнап, мемлекетті дамыту жолында өз қолтаңбасын қалдыратын болады. Міне, бұл сайлаудың ерекшелігі де осында. Біз жаңа мемлекет басшысын сайлау арқылы жарқын болашағымызды құрамыз. Сондықтан, бұл саяси науқанға аудан тұрғындарын белсене қатысуға шақырамын!» — деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 33-бабында Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік берілген.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі