Мемлекет басшысының бастамасымен алдағы жылдары аудан-қала әкімдерін сайлаймыз

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте бірқатар салаларға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Бұған дейін 2022 жылғы 16 наурыз «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жалпы сайлау жүйесіне едәуір өзгерістер енгізілетін мәлім еткен болатын. Сол бастамалар ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында көрініс тапты.

Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен өтсе, 30 пайызы бір мандатты сайлауда бақ сынады. Ал облыстық мәслихатқа 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз өз-өзін ұсыну арқылы сайлауға түсті. Аудан-қала мәслихат депутаттары толық 100 пайыз бір мандатты сайлаумен өтті. Бұл бұрын-соңды болмаған өзгеріс еді. Нәтижесінде қарапайым еңбек адамдары, журналистер, қоғам белсенділері депутаттық мандат алды. Елдің мұң-мұқтажын білетін халықтың арасынан шыққан азаматтар мінберден жұрт мәселесін көтеретін болды.

Бүгін Президент алдағы екі жылда ел аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлайтынын айтты. Бұған дейін пилоттық жоба ретінде ауыл әкімдерін сайлады. Нәтижесінде ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады.