Мерекелік шара өтті

Келес ауданындағы «Жеңіс» саябағында мерекелік шара өтті. Отан үшін жанын пида еткен ардақтыларды еске алу мақсатында және оларға мәңгілік тағзым ету үшін аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған обелискіге гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар жауынгерлердің рухына жиналғандар бір минуттық тыныштыққа бөленіп, құран бағышталды.

Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Есенұлы сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегінің арқасында екендігін атап өтіп, барша жұртты мерекемен құттықтады.

— Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 78 жыл толды. Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қала бермек. Жыл сайын мамыр айында майдан даласында жанқиярлықпен шайқасқан ардагерлерімізді еске алып, тылда жанкешті еңбек еткен жандарға ерекше құрмет көрсетеміз. Өкінішке орай бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері арамызда қалмады. Дегенмен ерен еңбектің үлгісі бола білген тыл еңбеккерлері ортамызда. Осы мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін, — деді аудан басшысы.

Салтанатты шара барысында аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күйдің көтеріңкі болуына зор үлестерін қосты.