Мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік портал арқылы 40 мыңға жуық қызмет алды

Бүгін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Ақпараттық-коммуникациялық орталығында БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Мәжіліс барысында қала аумағында ерекше жандарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау туралы баяндады.

«Мүгедектігі бар азаматтардың қажетті құралдар мен қызметтерге қол жетімдігі мен сапасын арттыру мақсатында қолданысқа енгізілген әлеуметтік қызметтер порталы өз нәтижесін беруде. Шымкентте былтыр мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік портал арқылы 40 мыңға жуық қызмет алған»,- деді Жанат Өмірсейітқызы.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Қолданба арқылы мүгедектектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу құқығы берілген.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 40 728 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 7 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағынаудандарға арнайы қатынап көрсетуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы