Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Парламент Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепбергенов пен Гүлдара Нұрымовамен кездесті деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.

Кездесуде аймақ басшысы облыс экономикасының жай-күйі туралы қысқаша тоқталып өтті.

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. Өңір экономикасының барлық бағытында оң динамика байқалады. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтау үшін барынша жұмыс жасаудамыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі бүгінгі таңда мал шаруашылығы үшін жем-шөп дайындау маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын тілге тиек етті.

— Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша назар аударуда. 2021-2022 жылғы кезеңде 992 мың бас мал басы қыстатылады деп күтілуде. Қыстауды қалыпты режимде өткізу үшін 1,7 миллион тонна шөп дайындау жоспарлануда. Біз жамбылдықтарды мал азығын дайындауға және сайлар мен өзен арналарында шөп шабуға белсене атсалысуға шақырамыз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Б. Сапарбаев облыста ауылдық округ әкімдерін сайлауға дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді. Сайлау 41 ауылдық округте өтеді.

— Сайлауға қатысушылардың бәріне бірдей жағдай жасалады, — деп сендірдіаймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыстағы туризм саласын дамыту жайы да сөз болды.

— Облыс орталығында Атлах шайқасының 1270 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Бұл дата ата-бабаларымыздың бай мұрасын зерттей түсуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған шайқастың түркі халықтары үшін маңызы зор. Айталық, сол оқиғадан кейін Қытайдан тыс жерлерде де қағаз өндірісінің бастау алды. Тұтқындардың арасында қағаз шығарудың құпиясын білетін Қытай шеберлері де болды, — деп атап өтті облыс әкімі.

Басқосу барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты мәселелер де талқыланды.

— «Таразға тарту» жобасын айрықша өткіміз келеді. Бұл жоба аясында жаңа әлеуметтік нысандар салынып, саябақтар мен скверлер жаңғыртылуда десек, ол өз кезегінде тарихы терең шаһардың туристік әлеуетінің артуына да оң әсер етері сөзсіз, — деді Мейрамбек Төлепбергенов.

Сонымен қатар, Мейрамбек Төлепбергенов пен Гүлдара Нұрымова   облыс әкіміне аудандарындағы кездесулер барысында тұрғындар көтерген мәселелер туралы хабарлады.  Бердібек Сапарбаев әлеуметтік мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Андрей Линник және Ильяс Буларовпен кездескен болатын.