Мәжіліс депутаты арыс тұрғындарымен кездесті

Бүгін Арыс қаласына жасаған сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген азаматтарды жеке өтініші бойынша қабылдау өткізді. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихаттың хатшысы Амантай Байтанаев та қатысты.Nur Otan партиясының кеңсесінде ұйымдастырылған қабылдауға 12 адам келген болса, оның басым бөлігі 2019 жылдың 24 маусым күні орын алған төтенше жағдай салдарынан қаражат тапшылығына байланысты шығындары өтелмеген 42 кәсіпкердің 48 коммерциялық нысандарына өтемақы төлеу мәселесі болды. Атап айтқанда, Ү.Сүйінбаев, М.Сапарханов, А.Сүпбаев, М.Қалходжаев, М.Алтынбеков, А.Майлышова, С.Салақиева, Ш.Қалдашев, Ж.Рысбаев, Д.Нұрлыбаева, Б.Үсенова есімді азаматтарды қабылдап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Қабылдауға келгендерді мұқият тыңдаған депутат Құдайберген Төлепұлы мен қала әкімі Гүлжан Мамытқызы арыз жазылған құжаттардың көшірмесін қабылдап, жоғары тұрған органдарға жеткізетінін атап өтті.«Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарға өтемақы төлеу үшін механизм қарастыруға тиісті мемлекеттік органдармен кеңесе отырып, біз өз тарапымнан жәрдемдесуге барынша атсалытып, шешу жолдары қарастырамыз. Сондықтан да, зардап шеккен тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын аяқтау мақсатында Үкімет тарапынан арнайы мемлекеттік комиссия құруға ұсыныс берілетін болады», – деді Қ.Ержан.Тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдауға арналған шара аясында П.Байбосынов кәсіпкерлер үшін электр энергиясының бағасын төмендету мәселесін сөз етті. Ал екі перзентінің денсаулығы болмауына байланысты оңалту орталығына жатқызуға көмек сұрай келген бес балалы ана Ұлжалғас Шыныбекованың мәселесін қала әкімі шұғыл көмек ұйымдастыратын болып, оның орындалуын тікелей өз бақылауына алды.Сонымен қатар жеке қабылдауда пәтерін кеңейтуді көздеген қала тұрғыны әрі ұстаз Самат Алдияровтың мәселесін заңнамалық тұрғыда шешуде қайшылық бар екендігі айтылды. Бұл проблемаға қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты осыған ұқсас жағдайлардың реттелуі үшін құқықтық заңнамаларды жетілдіруде өз құзыреті шеңберінде әрекет ететінін жеткізді.Айта кетейік, екі күнге созылған сапар аясында Парламент депутаты Құдайберген Ержан тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, бірқатар әлеуметтік және ауылшаруашылық нысандарды аралап, қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысады.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі