Нашақорлықтың алдын алуда жұмыстар жүргізіп келеді

Нашақорлық — бұл маңызды психикалық және физикалық бұзылу, ол адамның психотроптық заттарға тәуелділігі мен теріс пайдалануынан тұрады.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1-қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағанын, соған байланысты синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап көрсетіп, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыру тапсырылған.

Соған сәйкес, Шымкент қаласы Полиция департаменті оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп келеді.

Осы мақсаттағы жұмыстарда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, проректорлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізуде.

Оның барысында жастар мен жасөспірімдерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоаквтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетуде.

Сонымен қатар, стендтерге есірткі өткізу мәселесі туралы суреттер ілініп, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы буклеттер таратылуда.

Кезекті іс-шара М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжінде жалғасын тапты. Оған қатысқан Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков көрсетілген мәселелер бойынша толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды. Кездесу соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.