Нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар-кеңес өтті

Ішкі істер органдарының күзет қызметі бөліністерінде тәртіп пен заңдылықты сақтау мақсатында Шымкент қаласы және Түркістан облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аппарат және 1-полиция батальонының қызметкерлері арасында «Есірткі, нашақорлық, маскүнемдік, шылымқорлық және құмар ойындардың дертіне шалдығудың әлеуметтік қауіптілігі, оларды емдеу мен алдын алу» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Психикалық денсаулық орталығы» МКК нарколог-маманы Қарлығаш Қорғанбаева, Шымкент қаласының Полиция департаменті емханасының психиатр маманы Қабылбек Кадиров, Шымкент қаласы Абай ауданы «Тасбау Сәлімбайұлы» мешітінің бас имамы Жансейіт Калуменов қатысты.

Семинар-кеңес барысында мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, іс-шара соңында бейнеролик көрсетілді.

Сондай ақ  Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастамасымен қаланың 30 негізгі жолдары мен көше қиылыстарында орналасқан билбордтарға есірткіге қарсы бағытталған әлеуметтік жарнамалар ілінді. Атап айтқанда, әлеуметтік жарнамалар Әл-Фараби алаңы, Қонаев даңғылы мен Іляев көшелерінің қиылысы, Тәуке хан даңғылы мен Тәшенов көшелерінің қиылысы, Республика даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің қиылысы, Рысқұлов көшесі, Қонаев даңғылы, Жібек жолы мен Арғынбеков көшелерінің қиылысы, сондай-ақ Уәлиханов көшесінде орналастырылды.

— Аталған жарнамалық билбордтар қала тұрғындарын есірткіден аулақ болуға шақырады және қоғам назарын осы мәселеге аударып, есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков.