Облыстық мәслихат депутаттары мен құқық қорғау органдарының басшылары полициядағы цифрландыру жұмыстарымен танысты

Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ІІМ Е.Саденовтің тікелей қадағалауымен «Цифрлы Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында, Ішкі істер министрлігі іске асырып жатқан арнайы жобалардың таныстырылымы өтті.

Маңызды шараға Түркістан облысындағы мемлекеттік мекемелердің басшы құрамдары мен мәслихат депутаттары танысты. Атап айтсақ, облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, сот төрағасы Т.Мыятбеков, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаев, ҰҚК басшысы М.Әбділманов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент бастығы А.Сапарғалиев, Мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы М.Нурахаев, прокурор орынбасары С.Келдібеков, пен мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері келіп, Полиция департаментінің цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын көрді.

Қонақтар азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысында қолданылатын заманауи технологиялармен танысты. Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қонақтарға тәртіп сақшыларының кешенді құрал күштері мен материалдық-техникалық базасы, жаңадан ашылған полиция департаментінің ғимаратын көрсетті.

Одан кейін облыс трассалары, қала көшелері мен қоғамдық орындарды бейнебақылау жүйесі арқылы қадағалайтын Жедел басқару орталығын аралады. Бұл жерде халық қалаулыларына мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысы, «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасының ерекшеліктері, «ITC» жүйесі, Цифрлы полицей, 102 мобильді қосымшасы, қоғамдық орындарда орнатылған дабыл түймелері, жаппай бейнебақылау, «Cyberpol», е-УД базасы т.б. соңғы жобалар демонстрацияланды.

Қонақтар соңында сұрақтарын қойып, тұщымды әрі нақты жауаптар алды. Сонымен қатар мобильді кешендер мен дабыл батырмаларын алыс шалғайдағы орындарға да пайдалану мен санын көбейту ұсыныстары айтылды. Іс-шара қатысушылары ішкі істер органдарымен жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарына өздерінің оң бағаларын берді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі