Ордабасыда тәулігіне 120 мың қыш өндіретін зауыт іске қосылуда

Ордабасы ауданында биыл желтоқсан айында «Индустриаландыру картасы» аясында 2 жоба іске қосылады. Соның бірі жаңа озық технологиямен жабдықталған «Bokei» қыш зауыты. Жалпы құны 2 млрд 600 млн теңгені құрайтын кәсіпорында жергілікті 60 азамат жұмыспен қамтылады. Аталған қыш зауытының қуаттылығы тәулігіне 120 000 дана. Бұл туралы брифингте 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылаған аудан әкімі Бағлан Батыршаев мәлімдеді.Сондай-ақ, келесі жоба — «Александровский сад» көкөніс сақтау қоймасы. Нысанның жалпы құны 800 млн теңге. Онда 15 адам жұмыспен қамтылады. Аталған қойма аудан шаруаларының өнімдерін сақтауға ыңғайлы орын болмақ.«Ағымдағы жылдың 9 айында ауданға 15 млрд 296 млн теңге инвестиция тартылып, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 731 млн теңгеге артты. Сонымен қатар, аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 10 954. Оларда 16 669 адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс саласында жалпы 39 кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Есепті кезеңде осы кәсіпорындармен 1 млрд 599 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 353 млн теңгеге артты», — деді Бағлан Дәнебекұлы.Аудан экономикасының жетекші бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы саласы. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 айда 50 млрд 372 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 млрд 381 млн теңгеге ұлғайды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі