«Отбасы. Тұлға. Азаматтық қоғам» атты ата-аналар форумы өтті

Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында «Отбасы.Тұлға.Азаматтық қоғам» — атты Түркістан облысы ата-аналар форумы болып өтті. Форум Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы және «Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Баян Айтбекқызы, «Түркістан қалалық әйелдер алқасы» ҚБ төрайымы Ұлжалғас Әбенқызы қатысты. Сондай-ақ, кездесуде қоғамдағы түрлі отбасылық психолог, отбасы академиясының негізін қалаушылар мен отбасылық дәрігергерлер өздерінің баяндамасын жасады.

Форум Түркістан облысында отбасы инистутын нығайтуға, бала тәрбиесіндегі ата – ананың рөлін арттыруға, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын — алу бойынша мәліметтермен ата-аналарды, келген қонақтарды хабардар ету мақсатында ұйымдастырылған.

«Халқымыз үшін отбасы ұғымы аса маңызды. Расында әрбір отбасы – тұтас қоғамның айнасы. Отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүр сақталған Түркістан өңірі демографиялық өсім бойынша көш бастап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл–ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Біз жылдағы дәстүрмен облысымызда кезекті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастадық. Бұл шын мәнінде нағыз халықтық қолдауға ие ұлттық жобаға айналды. Бүгінде кейбір БАҚ елімізде отбасылық құндылықтардың өзгергенін жазып жатады. Дегенмен, шын мәнінде, біздің қоғамда үлгі болатын отбасылар өте көп. Әртүрлі жобалар мен байқаулар бізге осыны көрсетіп келеді. Қуатты мемлекет те, ынтымағы жарасқан қоғам да – ең алдымен бірлігі бекем, берекесі мол отбасынан құралады. Өнегелі отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді, бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастырады»,- дейді Бейсен Дәулетұлы.

Айта кетсек, өңірімізде отбасылар саны 400 мыңға жуық, оның ішінде 182 мың көп балалы отбасы. Бүгінгі таңда облыста халық саны 2 млн. 125 мың адамды құрайды. Яғни, 2022 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда 31,6 мың адамға немесе 1,5%-ға өсіп отыр.