Полицейлер бір күн бұрын жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қызды тапты

Түркістан қалалық полиция басқармасына 20 қыркүйек күні таңертең үйінен мектепке шығып, қайта оралмаған 13 жастағы қыз, яғни 8-сынып оқушысының жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Жасөспірімнің із-түссіз кеткенін ескерген Түркістан қаласы полициясының барлық жеке құрамы шұғыл кәмелетке толмаған қызды іздеуге жұмылдырылды.

Полицейлер аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерді. Тәртіп сақшылары жазбалардың бірінен жоғалған қыздың қоғамдық көлікке отырып, белгісіз бағытқа кеткенін анықтады. Кәмелетке толмаған қыздың жүрген жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері іздеу шараларын жалғастырды. Сондай-ақ жасөспірімнің белгілері көрсетілген ақпаратты барлық көрші полиция бөлімдеріне жіберді.

Полицейлер атқарған іздеу шараларының нәтижесінде жоғалған қыз үйінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан Үшқайық ауылдық округінің маңындағы жазық даладан табылды. Тәртіп сақшылары қыздың жасөспірім досымен жүргенін анықтады. Табылған оқушы полиция бөліміне жеткізіліп, аман-есен туыстарына тапсырылды.

Бүгінде болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Қыздың туыстары оны тез және қысқа мерзімде тауып берген Түркістан облысының полицейлеріне алғыстарын білдірді.