Полицейлер күн сәулесінен қуат алатын құрылғының аккумуляторларын ұрлаған күдіктіні ұстады

Бәйдібек АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша Бәйдібек ауданына қарасты ауылдардың бірінде үй сыртында орналасқан күн сәулесінен қуат алатын құрылғының астында тұратын 4 дана аккумуляторын белгісіз азамат жасырын түрде ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 600 000 теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Хабар алысымен полиция қызметкерлері тау-тасқа қарамастан ауыл сыртында орналасқан мал жайылымына жедел жетті. Осылайша орын алған қылмысты ашуға бағытталған барлық іс-шараларды жүргізді. Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын сотты болған азамат жергілікті мекенжайынан ұсталды. Белгілі болғандай күдікті азамат қараусыз тұрған аккумуляторларға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеп, айналада адамдардың жоқтығын пайдаланып, аккумуляторды жымқырған. Содан соң өзінің досына аккумуляторларды сатып беруін сұраған. Алайда полицейлердің шапшаңдығының арқасында ұрланған заттар тез арада табылып заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда полицейлер күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.Түркістан облысы полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар дүкенді ашық күйде қалдырмай, есік-терезелердің жабылғандығына толық көз жеткізіп алыңыздар. Ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.

ТО ПД баспасөз қызметі