Полиция майоры Айжан Манапова: «Шыдамдылық, төзімділік пен ақылдылық бақытты отбасының кепілі»

ҚР ІІМ бұйрығын іске асыру барысында Түркістандық полицейлер гендерлік саясатты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында басқа да тиісті орындармен бірлесіп, белсенді жұмыстар атқаруда. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаменті бастамасымен аймақта «Әйел құқығы-бұл адам құқығы» тақырыбында кездесулер өтуде.Созақ АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық «Бақ Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерімен «Әйел құқығы» тақырыбында кездесулер өткізді. Бұл шараға Созақ АПБ әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Айжан Манапова мен «Заң талабы» құқық қорғау бірлестігі ұйымдастырып, аудандық білім беру мекемелерінің психолог мамандары қатыстырылды.Аталған кездесуде әйелдердің құқығының қорғалуы, олардың қоғам алдындағы дәрежесінің сақталуы аясында заңда көрсетілген ережелер талқыланды. Сонымен қатар психологиялық тұрғыдан зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қалай анықтау және оларға дер кезінде қандай көмек көрсету керектігіне тоқталды. Бұл ретте әлеуметтік сүйемелдеу мен дағдарыс орталықтарының атқаратын жұмыстары да кеңінен сөз етілді. Өз кезегінде полиция майоры Айжан Манапова: «Ұрыс-керіс әрбір отбасында болады. Қазақта «ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Қазіргі таңда жастар әрбір сөзді өзіне жақын қабылдайды. Олар өздеріне жасалған психологиялық шабуылға қарсы тұра алмай қалады. Тұрмысқа шыққан әрбір әйел, отбасындағы кикілжіңнің бәріне төтеп беруге дайын болып келеді. Шыдамдылық, төзімділік пен ақылдылық бақытты отбасының кепілі. Бізге келіп өзінің мұңын шаққан әйелдердің құқығын қорғау біздің басты мақсатымыз»-деп сөз соңын қорытындылады.

ТО ПД баспасөз қызметі