Полиция подполковнигі Жанар, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің марапатын иеленді

Көктемнің жаршысындай ең нәзік мереке, ол әйелдер қауымының мейрамы емес пе? Бұл күні барлық адамзат өзінің аяулы анасын, апа-қарындасын, асыл жарын, ерке қызын, әріптес аруларды құттықтауға асығады. Осы дәстүрмен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстың дамуына елеулі үлес қосқан қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады.Облыс әкімі аруларды ерекше қарсы алды. Яғни кездесуде шәй үстінде еркін әңгіме өрбіп, пікірлер тыңдалды. Бұл кездесуге Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Қалабаева Жанар Балтабайқызы да құрметпен шақыртылған болатын. Өз кезегінде Ө.Шөкеев, полицей аруды да мерекемен құттықтап, «Алғыс хат» табыс етті. Қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығы жолында атқарып жүрген қызметіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ полицей Жанар осы күні тағы да марапатты иеленді. Ол ҚР ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін иемденді. Мұның барлығы күні-түні ел үшін атқарып жатқан еңбектің нәтижесі деп білеміз. Ендеше, мереке күні марапаты көбейген полиция подполковнигі Жанарды, біз де мейрамымен құттықтаймыз!

ТО ПД баспасөз қызметі