Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы видео конференция режимінде өтті деп хабарлайды akorda.kz

Жиында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ, Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы мемлекеттердің басшылары Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде пандемия мен оған қарсы күрес шаралары жаһандану үдерісі мен бейбіт тыныс-тіршіліктің қалпын өзгерткенін атап өтті. Мұндай жағдайда экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеру, экономиканы қайта қалпына келтіру және дамыту жолына түсу сияқты өте өзекті мәселелердің тиімді шешімін табу қажет.

– Біз осы Одақ тарихында алғашқы стратегиялық құжатты жүзеге асыруды бастадық. Аталған стратегия орта мерзімді перспективадағы интеграцияның және экономиканың барлық саласындағы нақты ықпалдастықтың, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарын айқындап берді. Сондықтан Одақты дамыту стратегиясының сапалы әрі жедел іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл, әрине, өзімізге байланысты, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде өзара сауда-саттыққа қатысты кедергілердің қордаланған проблемасын жүйелі шешу қажет екенін айтты. Локдаундар кезінде мұндай кедергілер едәуір көбейген.

– Аталған кедергілер сауда-экономикалық қатынастардың дамуын айтарлықтай тежеп, өсім әлеуеті мен дамуын шектейді. Қазақстан Одақтың басқа мүшелері сияқты, нарықтың барлық қатысушылары үшін теңдей және кемсітпейтін жағдай қалыптастыруды қолдайтынына сенімдімін. Комиссия кедергілермен  тұрақты түрде күресіп келеді. Алайда, оларды тиімді деп айта алмаймыз. Бұл ұлттық деңгейде қабылданған шешімдердің салдарымен күрес, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ-ның мәліметіне жүгінді. Президенттің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары деңгейге жеткен. 2030 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс 35 пайыздан асады деп болжануда.  

– Одаққа мүше әрбір елдің азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға әлеуеті жетеді. Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау жөніндегі шектеу шаралары агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп, азық-түлік тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін. Әрине, кейбір жекелеген жағдайларда олардың уақытша қолданылуы өзін ақтады. Дегенмен мұндай шектеулердің біздің Одаққа мүше елдерге қатысы болмауы тиіс деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аграрлық ғылыми мекемелер арасындағы ықпалдастықты күшейтуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына экспорттау ісін ұлғайту шараларын жандандыруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Одаққа мүше елдермен бірге шекара маңы инфрақұрылымын дамытуға дайын.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын мысалға келтірді. Сондай-ақ Одақ аясында сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарының жүйесін құрудың маңызы артып отыр. Мұндай жүйе мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп секторының әлеуетін қолдауға, шығындарды азайтуға, сәйкесінше, негізгі азық-түліктердің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

– Еуразия елдері өздерінің транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруы керек. Мен көлік күре жолдарындағы трансшекаралық учаскелерді жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жандандыруды, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағында «Батыс Еуропа – Батыс қытай» автомагистралінің құрылысын аяқтауды тағы да ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдеріміздің дағдарыстан кейінгі экономикасын қайта қалпына келтірудің қуатты әрі пәрменді факторы болатынына сенім білдірді. Қазақстан Одақты экономикалық интеграцияның тиімді және беделді ұйымына айналдыру үшін барынша күш салады.  

Қазақстан Президенті жиын соңында қатысушыларға мазмұнды және конструктивті баяндамалары үшін ризашылығын білдірді.