Пробация есебінде тұрған азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылды

Пробация қызметі

Қаіргі таңда халықты жұмыспен қамту маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.

Осы ретте жұмыспен қамту мақсатында Шымкент қаласында пробация қызметі есебінде тұрған, мемлекетке берешегі бар және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараны Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығы мен қалалық Прокуратура бірлесе ұйымдастырып отыр. Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, қызмет көрсету және коммуналды шаруашылық салалары бойынша 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Жәрмеңкеге қатысушыларды ең алдымен Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков қабылдап, жұмысқа орналасуға қатысты мәселелерін тыңдады.

Келушілердің көбі жоғары айлық жалақысы бар жұмысқа орналасуға ниетті екенін, сонда ғана мемлекетте қарыз берешігін төлей алатынын айтты. М. Жолдасбеков халықты жұмыспен қамту бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқанын, жұмыс істеуге ынталы азаматтарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бүгінгі жәрмеңкеде бір азамат «Альянс Траст» ЖШС-іне қарапайым жұмысшы ретінде жолдама алды. Оның айтуынша, жұмысшы болуына қарамай ай сайынғы төленетін жоғары айлық жалақы көңіліне қонғанын айтады.

–Бұған дейін түрлі құрылыс компанияларында жұмысшы болып істеп келдім. Бүгінгі жәрмеңке арқылы айлық еңбекақысы жоғары болған жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Ең бастысы отбасымды асырауға және мемлекетке төлейтін қарызты өтеуге жетеді екен,-дейді ол.

Айта кетсек, жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған жұмыс орындарының айлық жалақысы 95-300 мың теңге аралығында болды.