Республика күні: Түлкібаста жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Республика күнінде Түлкібас ауданы Шұқырбұлақ ауылында жаңа медициналық нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Онда жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер, фельдшер және медбике ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдарда медициналық тірек ашуды тапсырған болатын. Түлкібас ауданында Жолдауда айтылған мәселе өз шешімін тауып отыр.

Мерекеге орай ұйымдастырылған шараға Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық мәслихаттың хатшысы Хамит Байысбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биылғы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғылып, бүгінгі таңда соның 2-і пайдалануға беріліп отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі