Сайрам ауданында 37 қылмыс ішімдік салдарынан болған

2022 жылы Сайрам ауданында жалпы тіркелген қылмыс саны 675-ден 487-ге төмендеп, қылмыстың ашылымы 89,2 пайызды құрады. Бұл туралы халыққа есеп беру жиынында Сайрам аудандық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Зиятаев жеткізді. Өндірістен аяқталған 463 қылмыстың 96-сы сотты болғандармен, 18-і кәмелетке толмағандармен, 37-сі масаң күйде, 108-і топпен, 178-і қоғамдық орындарда және 103 қылмыс көшелерде жасалған.

Полиция полковнигі Б.Зиятаев өз баяндамасында: «Жергілікті полиция қызметімен 31 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Жол жүру ережесін бұзған 98 тұлға көлік жүргізу құқығынан айырылып, көлікті мас халде басқарған 43 жүргізуші анықталды.

Учаскелік полиция инспекторларымен 579 тұлға профилактикалық және 16 тізімдік есепке алынды, оның ішінде 499 тұлғаға қорғау нұсқамасы шығарылып, 57 тұлғаға мінез-құлқына ерекше талап белгіленді»-деп атап өтті.

Сайрамдық тәртіп сақшылары жыл бойына жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізді.

Мәселен ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен түнгі уақытта жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде, ата-анасының қадағалауынсыз жүрген, ойын-сауық мекемелерінде болған 8 жасөспірім, түнгі уақытта тұрғын үйінен тыс жерде болған 625 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.

Кездесу соңында полиция басшысы Б.Зиятаев, полицияға қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдау үшін «халықтық кеңсе» жұмыс істеп тұр. Аудан тұрғындары кез келген кезде басшылықпен жеке қабылданып, шешімі таппай жүрген сауалдарына заң аясында толық көмек ала алады деп қорытындыланды.