29 сәуір – көктемнің шуақты күні ерекше әсерге толы болды. Бұл күн еліміздің түкпір-түкпірінде өткен «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджімен мәнді де мағыналы сәттерге ұласты. Табиғат пен адам арасындағы үйлесім тағы бір мәрте айқын сезілді.
Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін келешек мектебінің 11-сынып түлектері бұл бастаманы зор ықыласпен қолдап, табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде көрсетті. Көктемгі күннің алтын шуағы төгілген сәтте жас түлектердің жарқын жүздері мен шынайы күлкісі айналаны ерекше жылылыққа бөледі.
Жерге отырғызылған әрбір шырша – олардың балалықпен қоштасып, болашаққа нық қадам басқанын білдіретін символ іспетті. Бұл игі іс – тек бүгінгі күннің ғана емес, «Келешек мектептері» қалыптастырып жатқан саналы, білімді, жауапты ұрпақтың жарқын көрінісі.
Биыл мектебімізден 28 дарынды түлек үлкен өмірге жол тартқалы тұр. Олардың жетістіктері – мектеп мақтанышы. Атап айтқанда, Шеріпхан Хақназар Нұрмаханұлы – «Алтын белгі» иегері, Пернехан Жасұлан Полатұлы – «Үздік аттестат» оқушы атанды.
Сонымен қатар, Молдағалиев Арафат Айдарұлы 2025 жылы Беларусь елінде өткен «Даму кубогы» халықаралық турниріне қатысып, тәжірибе жинақтады.
Досан Расул Жандосұлы 2025–2026 жылдары Хорватия елінде өткен іріктеу кезеңінде элиталық А кезеңіне жолдама алып, Дания елінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Бұл жетістіктер – жас ұрпақтың биік мақсаттарға ұмтылысының айқын дәлелі, болашаққа деген нық сенімнің белгісі.
Бүгінгі күн тек еңбекпен ғана емес, қуанышпен де есте қалды. Әуен ырғағымен түлектер флешмоб билеп, алаңды шаттыққа бөледі. Бірлігі жарасқан, арманы асқақ жастардың биі – олардың достығы мен жарқын болашаққа деген сенімін айқындай түсті.
Акция аясында отырғызылған әрбір ағаш – ертеңгі жасыл елдің кепілі. Ол – үміттің, жаңарудың және табиғатқа деген қамқорлықтың белгісі.
Табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет. Әрбір игі іс үлкен өзгерістердің бастауы болары сөзсіз.
Бірге әрекет етейік, бірге болашақты жасайық!
«Таза Қазақстан» – болашаққа бастар жарқын қадам!
