Тапанша мен 4 дана оқ тәркіленді

Түркістандық полицейлер жолаушыдан травматикалық қару мен оқтарын тапты, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы Полиция Департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жергілікті тұрғынның бірі өзімен қару алып жүруі мүмкін деген хабарлама келіп түсті.

Ақпарат алысымен Түркістан облысы Полиция Департаментінің Ұйымдасқан Қылмысқа Қарсы Күрес Басқармасының полицейлері бірден іске кірісті. Содан түнгі сағат 01:30 шамасында Түркістан қаласындағы  Бейімбет Майлин көшесінде «MATIZ» маркалы көлікті тоқтатты.

Анықталғандай, көліктегі жолаушының бірі  күдікті болып шықты. Одан әрі тәртіп сақшылары жолаушыға тінту жұмыстарын жүргізді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі мен қырағылығының нәтижесінде күдіктіден қару, яғни тапанша мен 4 дана оқ, 1 дана күкірт қорапшасына салынған «марихуана» есірткісіне ұқсас затты тауып, тәркілеп алды.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің  287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»  бойынша тіркелді.

Куәлардың қатысуында алынған қару, травматикалық тапанша екені белгілі болды. Аталған жайтқа сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, Түркістандық полиция қызметкерлері тұрғындарға тиым салынған заттарды алып жүрудің заңсыз екенін ескертеді. Сондай-ақ, осындай жайтқа куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс нөміріне шұғыл хабарласуыңызды сұрайды. Тәртіп сақшылары сіздердің өмірлеріңіздің тыныш әрі қамсыз болуы үшін күндіз-түні аянбай еңбек ететінін естеріңізге салады.