Татуласу келісіміне – келіссөздер арқылы

Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді және татуласу келісімін тек сот бекітеді. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, онда сот оны бекітпейді. Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Жалпы, татуластыру шараларын қолданудың тиімділігі, ол сот жүйесіндегі жүктемені азайтады. Ең бастысы, дауды созбалаңға салмай, оны шешу мерзімін қысқартады. Мұның бәрі түптеп келгенде азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.

Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды әрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді.

Күнделікті сотқа түрлі сипаттағы талап қоюлар түсіп жатыр. Өмір болған соң бұл қалыпты құбылыс. Себебі біреу шарт бойынша жанжалдасып, мәмілені бұзуды сұраса, енді бірі көршісімен жер теліміне қатысты таласуы мүмкін. Қарыз ақша өндіру жайлы талап қоюлар да қазіргі нарық заманында көптеп түсуде. Олардың басым көпшілігін азаматтардың шағын несие бойынша қарызын өндіру жайлы талап қоюлар құрайды. Кейде кәсіпкерлердің сақтандыруға қатысты дауларын, серіктестердің мүліктерін бөлуді сұраған дауларын да шешуге тура келеді. Татуластырушы-судья тараптарға, егер сот тараптармен ұсынылған келісімді бекіткен жағдайда осы іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылатынын, оның құқықтық салдарын түсіндіреді. Бұл дегеніміз іс жүргізу тараптардың келісімін бекіту негізінде тоқтатылған жағдайда нақ осы тараптар арасында нақ осы дау бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.    

Соттың тараптардың татуласу, медиция немесе партисипативтік келісімін бекіту негізінде іс жүргізуді тоқтату жайлы ұйғарымы істі негізінен қарау нәтижесінде қабылданған шешімге теңестіріледі. Себебі егер келісімде белгіленген мерзімде екінші тарап өз міндеттемесін ерікті түрде орындамаған жағдайда, сот келесі тараптың өтініші негізінде атқару парағын шығарып, ұйғарымды мәжбүрлеп орындауға жолдайды.

Біз өз тарапымыздан дауласушы тараптарға келісімге келу, татуласу кез-келген уақытта маңызды екенін айтудан жалықпаймыз. «Әділдік бар жерде, татулық та бар. Татулық бар жерде, бақыт та бар. Бақыт бар жерде, керемет өмір бар» деген даналық сөз бар. Татулық-табылмас бақыт екенін естен шығармасақ  екен.

Шымкент қаласының мамандандырылған  ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлвира Жолбарыс