Туризмге 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған

2021 жылы Түркістан облысының туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Республика көлемінде 1 орында. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.«Өткен жылы Керуен сарай көпфункционалды туристік кешені, «Ramada», «Emir Plaza», «Rich Hotel», «Grand Villa», Этнопарк Ресорт туристік объектілері пайдалануға берілді. Әлемнің көптеген мемлекеттеріне танымал Izi.Travel мобильді қосымшасына облыс аумағындағы 100 туристік нысанның аудиоақпараттары және координаттары туристік картаға енгізілді»-деді Нұрдәулет Данабайұлы.Биылғы жылы басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған «Karavan Statue Street Art» мүсіндер фестивалі, «Taiqazan» гастрофестивалі, «Батыр Батлс» фестивалі секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ осы жылы ішкі туристердің санын 260 мыңға, шетелдік туристердің санын 7 мың адамға жеткізу көзделуде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі