Түнде жүрген жасөспірімдер қадағалануда

Қазір жасөспірімдердің түнде көшеге шығуы жиілеп барады. Олар кешке үйден шығып ата анасының қарауынсыз ойын-сауық орындарында, клубтарға  барып уақыт өткізеді. Жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарын алдын алу мақсатында қаламызда полиция қызметкерлері түнгі уақытта тұрғын үй кешендерінің ауласын, саябақтар және көшелерді үнемі бақылауына алады. Жастар көп жүретін жердің барлығын назарда ұстайды. Ата-ананың жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуінен үлкендерге арналған көңіл көтеру орындарында кәмелет жасқа толмағандар жиі кездесіп жатады. Осындайда  түнгі уақытта ата-аналар баланы қадағалауды естен шығармаса дұрыс болар еді.

Шымкент қаласы Қаратау АПБ Ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша рейдтік жұмыстар жүргізуді жалғастыруда.

Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандарды алкогольді, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуы жайттарын, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі және ойын-сауық орындарға баруын анықтау және жолын кесу. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардан заңсыз сақталатын заттарды тәркілеу де осы шараның аясында анықталады.

Ағымдағы жылдың 27-қазанында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүрген 11 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттама толтырып, жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарынан кәмелет жасына толмаған балаларын қараусыз қалдырмауды, бала тәрбиесімен тұрақты түрде айналысуды ескертеді.

Ntime.kz