Түркістандағы 5000 адамға арналған мешітке сәулет үлгісінің ерекше тәсілдері қолданылып жатыр

Түркістан қаласында 5000 орынға арналған  мешіттің құрылысы жалғасып жатыр. Өзбекстан Республикасының Түркістанға тартуы ретінде бой көтеретін құлшылық үйінің тас қалау, күмбезді монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда әрлеу, монтаждау, электрмен қамту және өзге де жұмыстары атқарылуда. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһардағы құрылыс нысандарын кезекті аралау барысында осы нысанның жай-күйімен танысты. 

Өңір басшысы Түркістан қаласы, Яссы көшесі бойындағы желілік саябақтың құрылысы барысын да бағдарлады. 11 гектарға орналасатын саябақты жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда абаттандыру, аяқжолдар мен веложолдар салу, көшет отырғызу және каналын жүргізу 100 пайызға аяқталған. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» тұрғын үй кешенінде де құрылыс қарқынды. 500 адам жұмыспен қамтылған. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланған үйлер 2022 жылы көктемде беріледі деп жоспарланған. 

Облыс әкімі бастаған топ Бекзат Саттарханов атындағы спорттық-сауықтыру кешеніндегі қарекетті де шолып шықты. Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін реконструкциялау және 320 орындық қосымша ғимараттың іргетасын қалау, бірінші қабаттағы тірек қабырғасын тұрғызу жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Құрылыс және монтаж жұмыстары жобаға сәйкес орындалуда, жобадан ауытқулар жоқ. Нысан 2022 жылы беріледі. Спорт ғимаратының құрылысын сапалы жүргізуді тапсырған Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі