Түркістанда «Абай оқулары» өтуде

Түркістанда Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтудан «Абай оқулары» байқауы өтуде. Аталған шара облыс орталығындағы №31 Абай атындағы жалпы орта мектебінде де өз жалғасын тапты. Шараға бірқатар мектептерден оқушылар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шарада сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әлия Шалқарова өтіп жатқан Абай оқулары байқауының жеткіншектер үшін берері мол рухани дүние екенін айта келе, қатысушы барлық өрендерге сәттіліктер тіледі.
Байқау барысында оқушылар алғашқы турында Абайдың қара сөздерін шабыттана орындаса, екінші бөлімінде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан өнерлерін ортаға салды.
«Байқауға Абай атамыздың бірінші қара сөзін жатқа айтудан қатысып отырмын. Өзіме осы сөзі қатты әсер етті. Тебірене айтып шықтым. Бұл байқау маған ерекше шабыт сыйлады»,- дейді Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Арайлым Балтабай. Ал, Абай атындағы орта мектептің оқушысы Еркежан Асқар өзіне Абай атасының он жетінші қарасөзін жатқа айту бұйырғанына қуанышты екенін айтты.
«Абай оқулары байқауы оқушылардың шығармашылықтарын дамытуда өте жақсы әсер береді деп есептеймін. Жалпы әдебиетке, өлеңге жақын оқушылардан ешқашан жаманшылық шықпайды деп ойлаймын. Байқауға қатысып отырған жеткіншектер мен ұстаздарға тек сәттіліктер тілеймін»,- дейді Түркістан қалалық тілдерді дамыту орталығының маманы, ақын Әйгерім Жұмабай.
Оқушылардың шығармашылықтарын шыңдауға бағытталған рухани бұл байқау 10 ақпанға дейін жалғаспақ. Іріктеу сынынан өткен қатысушылар қалалық бауқауға жолдама алады.

Әбдірахман Қыдырбек.