Түркістанда күн сәулесінен энергия алатын станция іске қосылады

Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн сәулесінен энергия алатын станция салынған болатын. «Shell» мұнай-газ компаниясы орнатқан күн станциясы 21 сәуір күні сағат 10:00-де салтанатты түрде іске қосылады.

Күн сәулесінен энергия алатын станцияның ашылу салтанатына облыс әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдеріндегі «Shell» компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунсберг, «Шелл Қазақстан» корпоративтік байланыс қызметінің мамандары арнайы келіп қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұл — NIS пен Шелл арасындағы «Мектептерге күн энергиясы» бірлескен жобасының бесінші фотоэлектрлік жүйесі. Шелл — штаб-пәтері Нидерландының Гаага қаласында орналасқан энергетикалық және мұнай-химия компанияларын біріктіретін халықаралық концерн. Биыл «Шелл» Қазақстанмен әріптестіктің 30 жылдығын атап өтіп жатыр және Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі.

Бүгінде жоба Қазақстанның Астана, Орал, Атырау, Ақтау және Түркістан қалаларындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» базасында іске асырылып жатыр. Фотоэлектр тақталарынан құралған жүйелер аталған мектептердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін арнайы жобаланған және әр мектепке 100 кВт энергия жасап шығаруға бағытталған. Бұл жүйелер мектептердің жылдық энергия тұтынымының 30%-на дейін қамтуға, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды қысқартуға, өндірілген энергияның артық бөлігін қала желілеріне бағыттауға, солайша энергияны едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.

Түркістандағы NIS-те орнатылған күн станциясының құрылысы 2022 жылдың қараша айында басталған болатын. Жалпы электр станциясының ұзындығы — 75 метр, биіктігі 5 метрге дейін.

Толық ақпарат бойынша + 7 775 098 44 28 нөміріне хабарласып, мәлімет алуға болады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі