Түркістанда халықаралық еуразиялық білім беру кәсіподақтары бірлестігінің XV форумы өтуде

2023 жылғы 9-14 шілде аралығында Түркістан қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Халықаралық Еуразиялық білім беру кәсіподақтары бірлестігінің XV форумы өз жұмысын бастады.

Халықаралық форумға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла және Түркия, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден білім кәсіподақтары мен ресми орган өкілдерінен құралған делегаттар қатысуда.

Форум жұмысы UAESEB бірлестігінің әнұранын орындаумен ашылып, Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің жалпы отырысымен басталды.

Форумда Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігіне мүше ұйымдардың ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мәселесі көтерілді.

Жиында өз кезегінде сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмысымен таныстыра келе, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағын федерация құрамындағы ең үлкен әрі белсенді ұйым екенін атап өтті. Сонымен қатар салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын тілге тиек етіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Халықаралық форум делегаттары мен қатысушылары алдында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бірлестікке мүше елдер кәсіподақтары арасында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Форум қорытындысы бойынша Халықаралық Еуразиялық білім беру кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Қарары қабылданады.

Бұдан бөлек форум аясында шетелдік қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама әзірленген. Бағдарлама бойынша 13 шілдеге дейін оларға Түркістан мен Қызылорда өңірінің тарихи орындары мен көрікті жерлері таныстырылады.

Сонымен қатар форумға қатысушылар Түркістан облысының жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кездесіп, А.Яссауи атындағы қазақ-түрік Халықаралық университеті мен Қорқыт ата атындағы университеттің жұмысымен танысады.