Түркістанда халықаралық «Тhe spirit of Тurkistan» этникалық музыка фестивалі өтеді

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «The Spirit of Turkistan» халықаралық этникалық музыка фестиваль алаңының жетекшісі Аида Ақтанова хабарлады.

– Биыл «The Spirit of Tengri» фестивалі 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінге дейін оған әлемнің 90-нан астам елінің музыканттары қатысты. Бұл шара Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы ретінде Қазақстандағы ЮНЕСКО ұйымының қамқорлығымен ұйымдастырылды. Бастапқыда тек Алматыда өткізілген болса, осымен екінші жыл қатарынан еліміздің 3 қаласында – Алматы, Астана мен Түркістанда өткізіліп жатыр. Биыл Түркістандағы фестивальге музыканттардың кеңейтілген құрамын алып келдік. Өзбекстан, Тәжікстан секілді көршілес мемлекеттермен қатар, Италия, Мажарстан, Түркия сияқты алыс шет елдердің топтары да өнер көрсетеді. Ал еліміздің атынан сахнаға «Хассақ», «Тенгри» топтары және «DJ PUZA» ұжымы шығады. Шараға келген қонақтардың Ыстамбұл қаласына билет ұтып алуға мүмкіндігі бар. Кеш соңына қарай біз сахнада Ыстамбұлға «Fly Arystan» компаниясы ұсынған 4 билетті ойнатамыз, — деді Aида Қанатқызы.

Спикердің сөзінше, фестиваль Шығыс базарында өтеді. Шарада ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға қолөнершілер қалашығының шеберлері жасаған бұйымдар сыйға тартылады. Одан бөлек, шеберлер қонақтарға шығыс стилінде тегін «аквагрим» жасап береді. Қонақтар сауыт-сайман киген қазақтың алып батырларымен суретке түсе алады. Келушілерге тегін балмұздақ таратылмақ.

Айта кетейік, биыл «The Spirit of Tengri» фестивалі Испанияда өтетін халықаралық музыкалық көрмеге барады.

Брифинг барысында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бөлім басшысы Ерасыл Төлебаев биыл Түркістанда бірқатар ауқымды шаралар өтетінін мәлімдеді. Алдағы уақытта VI Халықаралық түркі әлемінің этномода апталығы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, қараша айында «Гастро Fest», сынды дәстүрлі іс-шаралар жалғасын табады. Одан бөлек, автотур, киберспорт чемпионаты жоспарланып отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі