Түркістандық полицейлер дөңгелек үстел өткізді

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында ұйымдастырылған дөңгелек үстел «Салауатты өмір салты және денсаулық» тақырыбында кеңінен өрбіді. Аталған бас қосуға карантин талаптары сақтала отырып, Сарыағаш ауданының маслихат депутаты Гүлжазира Ізбасарова, Сарыағаш аудандық орталық мешітінің бас имамының орынбасары Нұрмаханбет Бижанов, сондай-ақ жастар орталығының директоры әрі маслихат депутаты Айгерім Керімбекова, самбодан Азия чемпионы Абдухамит Әбдіқадірұлы да шақырылды. Жалпы қоғамда белсенді болып, өзгелерге де үлгі көрсете алатындай болу үшін әрине бірінші кезекте деннің саулығы маңызды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен дұрыс. Сондықтан бұл дөңгелек үстелде полицейлер тарапынан саулық пен спорт туралы маңызды мәліметтер айтылды. Аталмыш тақырыпта өз баяндамасын оқыған Түркістан облысы ПД Кадр саясаты басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Сәбит Бахтығалиев «Қоршаған ортаны сақтай отырып, салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ, болашақтың жарқын кепілі боламыз. Сондықтан аға буын ретінде жастарға спорт пен салауатты өмір сүрудің полиция қызметінде ғана емес, барлық адамға қажетті екенін жеткіземіз. Сонымен қатар жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созуымыз керек!», — дейді полиция подполковнигі. Дөңгелек үстел барысында белсенділік танытып, сақшыларға түрлі пікірлер айтылды. Жиын соңында облыс полицейлері мұндай кездесулер алдағы уақыттарда да жиі ұйымдастырылуы жоспарға қойылғанын айтып өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі