Түркістандық спортшылар пауэрлифтингтен өткен ел чемпионатында жеңімпаз атанды

Қонаев қаласында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар пауэрлифтингтің экипировкалық түрінен, ал әйелдер мен ересектер классикалық түрінен бақтарын сынады.

Түркістан облысының мерейін үстем еткен облыстық №2-ші олимпиадалық спорт мектебінің шәкірттері бұл сайыста олжалы оралды. Жарыс барысында пауэрлифтингтен жасөспірім қыздар арасында талай әлемдік додаларда жеңіске жеткен түркістандық талантты спортшы Барно Жұмабаева 84 келі салмақта өнер көрсетіп, бас жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, Сарвиноз Насириддинова да жеңімпаз атанды. 47 келідегі Камила Ребрик пен 52 келідегі Алена Гладкова, 69 келі салмақта сынға түскен Нигора Абдырова мен 76 келіде өнер көрсеткен Ирада Абдыровалар алтын медаль иегері атанды. Енді жеңімпаздар Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.