Түркістандық тұрғынның малын жымқырған бақташы ұсталды

Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі . Жәбірленуші азаматтың айтуынша Шардара ауданына қарасты ауылдардың бірінде орналасқан мал қорасына белгісіз азамат ұрлыққа түскен. Осылайша 6 бас қойын, «Алабай» тұқымды итін және ертоқымын ұрлап, жалпы 500 000 теңгеге жуық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Ақпарат алысымен Шардара АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасаған күдіктінің ізіне шығып, 1 тәулік ішінде оны ұстады. Ол бұрын сотты болған Бәйдібек ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай күдікті жәбірленуші азаматтың осыдан 10 күн алдын бақташысы болып жұмыс жасаған. Содан соң жұмыстан шығып кетіп, өзінің танысына өтініш жасап, малдар мен асыл тұқымды итін және ертоқымды жымқырған. Ол оңай жолмен тапқан олжасын мал базарлардың біріне алып барып, қойлар мен күшікті және ертоқымды сатып жіберген. Осылайша күдікті Бәйдібек ауданындағы көшелердің бірінен ұсталды. Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ, үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыздар.