Түркістандық қолөнершілер көне Тараздағы халықаралық көрмеге қатысты

Маусымның 2-4 күндері аралығында тарихы терең Әулиеата өңірінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты II халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті.

Алыс-жақын бірнеше мемлекеттің өкілдері келген бұл іс-шараға «Turkistan Qol Oner Одағының» мүшелері де қатысып, көпшілік назарына өңірімізде дайындалған ең үздік бұйымдар көрмесін ұсынды.

«Turkistan Qol Oner Одағының» төрайымы Индира Икапова бастаған облыс делегациясының құрамында керамика шебері Жанұзақ Ерімбетов, киіз және жүн шебері Мөлдір Әбішова және сәндік қолданбалы өнер шебері Эльмира Шермұханбетова сынды қолөнершілер болды.

Ауқымды көрме аясында Бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша вице-президенті Әзиз Муртазаев, «Асыл дизайн» сән үйіндегі «Аспара» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиев сынды қолөнер саласының майталмандары түркістандық шеберлердің жұмысына оң баға беріп, одақ мүшелерімен пікір алмасты.

Сондай-ақ, халықаралық көрме қорытындысында Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков өңір қолөнершілеріне алғыс білдіріп, сертификат табыстады.