Түркістанға қызмет етуге келген «Jana Lep!» өнерпаздары  Республика күнінде көрерменді сүйсіндірді

Биыл Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне қосымша мәдениет қызметкерлерін алу үшін 100 штат бірлігі берілген болатын. Жаңа жұмыс орындарына мамандар алу үшін арнайы хабарламалар беріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Сондай-ақ Астана, Алматы қалаларына өкілдер жіберіліп, өнер мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында ақпараттық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде арнайы кастинг жарияланып, алғашқы іріктеуге Қазақстанның әр өңірінен өтініштер түскен. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа өнер ұжымының репертуарын байыту, өнер мен мәдениетте Түркістанның төл брендін қалыптастыру, тың идеяларды жүзеге асыру жолында дайындығын күшейтуді тапсырған болатын.

Руханият ордасына Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Петропавл қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан талантты өнер иелері келіп, өз бақтарын сынады. Бүгінде жаңа ұжыммен продюсер, режиссер, сценарист, тележүргізуші Сержан Молдасанұлы тығыз жұмыс істеп жатыр.

Республика күні мерекесінде таяуда ғана жұмысқа қабылданған «Jana lep!» өнерпаздары алғаш рет ұлттық мерекеге арналған «Қыран елім – Қазақстан» атты салтанатты іс-шарасында өнер көрсетті. Мерекелік кеште өнерпаздар әуелете ән шырқап, би топтары да жасындай жарқылдады. Соның ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаңтарбаев, Ғазизхан Шекербек, Ерболат Құдайберген, Сүгір атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы», «Фараб» би тобы, Гүлзина Дөңесқызы, Айзада Асылхандар әннен шашу шашса, Әнуар Қасқабаев, Әмірбек Сымбат, Әлімхан Сымбат, Темір Сұлтан, Дарын Еркінбаев және актерлік құрам, поэзиялық қойылым ұсынды. Дәулескер күйшілер Кенжебек Пірмахан, Сұлтан Бекмырза, Айсұлтан Тоқтар және Бауыржан Садыбеков әдемі күй-тартыс өткізіп, көрерменді дүр сілкіндірді. Оларды оркестр сүймелдеп, жұртшылықтың рухын оятты. Ал бишілер «Бастау» биімен көптің ықыласына бөленді.

Мерекеге орай Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейі қорынан жасақталған «Түркістан – түркілер тұмары» атты көшпелі көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі