Түркістан облысына 10 236 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді

ҚР Энергетика министрлігінің жеткізу жоспары аясында биыл сәуір айында Түркістан облысына 10 236 тонна сұйытылған мұнай газы (СМГ) бөлінген. Оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 2 088 тонна, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) – 8 148 тонна.

Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мәліметінше, қазіргі таңда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурстарынан 1271 тонна жөнелтілді. Сонымен қатар, 6 сәуір күні «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС ресурстарынан 576 тонна көлемінде қосымша газ бөлген.

Бүгінде облысқа 10 вагон-цистерна (360 тонна) сұйық газ жеткізіліп жатыр. Ал 7 сәуір күні 25 вагон-цистерна (900 тонна), 8 сәуір күні 11 вагон-цистерна (396 тонна), 9 сәуір күні 13 вагон-цистерна (468 тонна) келеді деп жоспарланып отыр. Облыс бойынша сұйытылған мұнай газының жалпы қалдығы 960 тоннаны құрайды. Оған қоса 52 вагон-цистерна Қызылорда станциясында тұр.

Еске сала кетсек, еліміздің бес өңірінде сұйытылған мұнай газының бағасы көтерілмек. Атап айтсақ, Алматыда – литріне 65-тен 75 теңгеге, Алматы облысында 70-тен 75 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында – 60-тан 70 теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 70-тен 75 теңгеге және Абай облысында 60-тан 65 теңгеге көтерілмек. Еліміздің өзге аймақтарындағы сұйытылған мұнай газының бөлшек бағасы өзгеріссіз қалды.