▪️Түркістан облысында өндіріс пен фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының уақыт капсуласы салынды.
▪️Жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
📌– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасын әртараптандырып, импорт алмастырушы өндірісті дамытуды тапсырды. Осыған орай біз экономиканың шикізаттық моделінен бет бұрып, импортты алмастыруға бағытталған нақты жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудамыз. Нақты мысалмен атап өтсем, облыста мақта-тоқыма, ет, жүгері және жиһаз кластерлері дамып, жаңа өндіріс орындары ашылды. Жалпы импортты алмастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесінде 176 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылды. Биыл 280 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылуда. Қосымша нарықты зерттей отырып, Түркістан облысында фармацевтикалық өнімдерді тұтыну нарығының 100 млрд теңгеге жуығы импортқа тәуелді екенін анықтадық. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде бүгін осы заманауи өндірістің іргетасы қаланып отыр. Бұл еліміздің импортқа тәуелділігін азайтуға, өңір экономикасын нығайтуға және халықтың денсаулығына қажетті өнімдерді өзімізде өндіруге бағытталған маңызды қадам. Денсаулыққа қажетті өнімдерді өз елімізде өндіру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Жоба толық іске қосылғанда 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. «Orzax Central Asia» компаниясы жүзеге асыратын бұл жоба өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық фармацевтика саласын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Компания басшысы Алимоглу Селман мырзаға және оның командасына сәттілік тілеймін. Баршаңызды осы маңызды бастамамен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️ «Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстанда, оның ішінде Түркістан облысында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен, Қазақстан үкіметіне, өңір басшылығына ризашылығын білдіріп, зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталатынын жеткізді. Түркістанның тарихи маңызына тоқталып, бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін көтеретінін айтты. Салтанатты рәсімде зауыттың капсуласы салынды.
«Orzax Central Asia» компаниясының жобасы Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады. Кәсіпорынға 10 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы инвестициялық құны 20,4 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдары жүргізіледі. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 млн дана биологиялық белсенді қоспа өндіріп, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
▪️Айта кетейік, «Orzax Central Asia» ЖШС-нің құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісі бойынша жетекші компаниялардың бірі саналатын «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc» корпорациясы. Корпорация бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
