Түркістан облысында «Индиго 24»-«Evolution Corpоration» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты 950 томдық қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың жазынан бастап республиканың ішкі істер органдарына «Индиго 24» қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түсе бастады. Олар негізінен Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары. Осылайша жәбірленушілер саны 2000-нан астам азаматты құрады.Азаматтардың арыздары ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» және 217-бабы «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қылмыстық іс аясында қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары секілді үш мегаполистің және Түркістан облысының тұрғындары. Тағы бір күдіктіге іздеу жарияланды. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.Жасалған қылмыстың ауқымын ескере отырып, ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан облысы ПД базасында еліміздің 5 облысының тергеушілерінен құрамында 30 тергеуші бар тергеу тобы құрылды. Ал сол топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды, ол тергеу тобындағы жалғыз әйел. Тергеуге 7 арнайы прокурор да қатысты. Тергеу тобының жұмысына жедел уәкілдермен бірге сарапшылар және аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімі жылдан астам уақыт бойына жалғасты.Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстарды атқарды, оның ішінде сараптаманың 15 түрі тағайындалды. Сондай-ақ тергеу тобы қылмыстық топтың 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында, яғни жарты жыл ішінде салымшыларға кепілді жүз пайыздық пайда беруге уәде ете отырып, алаяқтық жолмен сенгіш азаматтардан 3 000 000 000 теңгеден астам қаражатты иемденгенін анықтады. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған.Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғанын, жоспарланған түрде әрекет еткенін және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгенін дәлелдей алды.Нәтижесінде полицейлер мен прокурорлар айыптау актісімен 160 мыңнан астам беттен тұратын көп томдық қылмыстық істі сотқа жолдады. Күдіктілерге ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық», 217-бабы «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» және 262-бабы «Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету» бойынша айып тағылды.

ТО ПД баспасөз қызметі