Түркістан облысында мектеп мұғалімі жеті тілді еркін меңгерген

Қазығұрттық ұстаз Смадияр Каримов жеті тілде еркін сөйлейді. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, өзбек, араб және кәріс тілдерін меңгерген полиглот мұғалім бүгінде аудандағы Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Негізгі мамандағы — ағылшын және араб тілі. 2006-2021 жылдар аралығында аталған мектепте ағылшын тілінен сабақ берген. Өзінің айтуынша, ол оқушыларға тіл үйрету барысында арнайы әдістерді қолданады.

— Тіл үйретуде көп әдістерді арнайы сайттардан алып, оны оқушыларыма үйретемін. Арнайы бағдарламалар арқылы оқушыларға қызықты әрі нәтижеге қол жеткізуге болатын тапсырмалар беріледі. Сабақтың басында оқушылардың сөздік қорын көбейтуге септігін тигізетін түрлі әдістерді қолданамын. «Ұстаз ізденуін тоқтатқан кезде ұстаз болудан қалады» дегендей алдыңда отырған әрбір оқушының жүрегіне жол таба алатындай амал жасап, оның тұлға болып қалыптасуына барымызды салуымыз керекпіз, — дейді Смадияр ұстаз.

Айта кетсек, оның жұбайы да ағылшын тілінің мұғалімі. Отбасында екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі