Түркістан облысында қылмыс санының төмендеуі байқалады

Бүгін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құзырлы органдар, басқарма басшылары және онлайн режимде аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде құқық қорғау, қоғамдық-саяси тұрақтылық, наркологиялық-профилактикалық көмек көрсету, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл және пробация саласындағы түйткілдер қамтылған 5 мәселе қаралды. Өңір басшысы аталған мәселелерді шешу бойынша кешенді шараларды қолға алу керектігін айтты.

– Қылмыс санын азайту, балаларды қорғау, азаматтардың құқығын қорғау, жол-көлік апаттарын азайту бойынша жүйелі жұмыстар атқару керек. Қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнестерінен тұрғындарды сақтандыру бағытында да жұмысты күшейткен жөн. Мәселен, тиісті қаржы бөлініп, өңірдегі біраз жол жөнделіп, жаңартылды. Бірақ әлі де жол апаты көп. Осының алдын алу жолын бірге қарастырайық. Түсіндіру жұмыстары, қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс. Бірқатарыңыз өз салаларыңыздағы штат жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша мәселе көтеріп жатырсыздар. Бірақ соған қарамастан бар күш-жігерді салып жұмыс істеу керек. Ел нақты жұмыстарды талап етеді, – деді Дархан Сатыбалды.

ҚР Бас Прокуртаурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша Департамент бастығының орынбасары М.Мүсіров құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің қылмыстық-құқықтық есептілігі туралы баяндады. Департамент қылмыстың негізгі статистикалық көрсеткіштерін және жол апаттарының жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау көрсеткендей, соңғы 6 жылда Түркістан облысында қылмыстың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалған. 2018 жылы 11 мың қылмыс тіркелсе, биыл 4324-ке дейін төмендеген. Бүгінгі таңда облыс аумағында құқық қорғау органдарымен 4324 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,3% төмендеген.

Жиын барысында Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы басшысы Е.Күзембаев және Түркістан облысының Полиция пепартаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпаев қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу, оның ішінде есірткі айналымына жол бермеу бойынша атқарылып жатқан профилактикалық шаралары туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, 2023 жылдың 8 айында облыс аумағында есірткіге қатысты 205 қылмыс, синтетикалық есірткілермен байланысты 8 дерек анықталды. Облысымызда криминогендік және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев наркологиялық, психологиялық, психиатриалық, емдеу профилактикалық көмек көрсету және оны қажет ететін адамдарға медициналық оңалту жүргізу жайын баяндап, оның нәтижесімен бөлісті. Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1 жедел басқармасының бастығы Д.Тобатаев көлеңкелі экономикаға қарсы іс- қимыл жөніндегі іс-шаралардағы қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнестеріне қарсы күрес туралы баяндады.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Т.Жәнібеков пен Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева пробация саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жайлы айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі