Түркістан облысында 1400-ге жуық шетелдік анықталып, жауапкершілікке тартылды

Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы, ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес брифинг өткізілді. Брифингтің тақырыбы: «Мигрант жедел-профилактикалық іс-шарасы. Заңсыз көші-қонның жолын кесу, ел аумағында заңсыз жүрген адамдарды анықтау. Көші-қонды бақылау және азаматтардың еңбек қатынастарындағы құқықтарын қорғау». Ал спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Әуезбек Мырзабаев келіп, атқарылған жұмыстарды тізбектеп, ақыл-кеңесімен бөлісіп, келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Полиция подполковнигі Ә.Мырзабаевтың айтуынша: «2022 жылы Түркістан облысы бойынша 1974 жылғы КСРО төлқұжаттардың негізіндегі (немесе олардың жоғалуы) құжаттармен – 5 және 18 жастан асқан туу туралы куәлік негізінде – 20 тұрғын ҚР азаматының төлқұжаттарымен құжаттандырылды. Сондай-ақ облысымыздың Көші-қон және Жергілікті полиция қызметі бөліністері қызметкерлерімен бірлесіп, аталған тұлғаларды анықтап, оларды жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу үшін пәтерлер мен аулаларды аралау жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған акция нәтижесінде бүгінгі таңда жарамсыз құжаттармен тұрып жатқан 766 тұлға анықталып, оларды бас дерегін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал 1 апта бойы өткізілген «Мигрант» іс-шарасы кезінде Қазақстан Республикасы Көші-қон заңдылығын бұзған 1985 шетелдік пен ҚР азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 1395-і шетелдік, 590-ы ҚР азаматтары. Аталған құқықбұзушылардың 32-сі қабылдап-бөлу мекемесіне орналастырылса, ал өзге елдердің 152 азаматы сот шешімдерімен ел аумағынан шығарылды. Ал 155 шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімдері қысқартылды. Шетел азаматын заңсыз тұрғын-үймен қамтамасыз еткен 520, шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 70 ҚР азаматы анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 518-519 баптарының талаптарын бұзғандары үшін жауапкершіліктері қаралды. Көші-қон саласы бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі Мемлекеттік шекараны заңсыз өту дәйегімен, ал екіншісі заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша»-деп атап өтті. Осылайша брифинг барысында әрбір тұрғынның құқықтық мәртебесін айқындау бағытында істеліп жатқан тындырымды тірліктер айтылды. Өз кезегінде желі қолданушылары да жазбаша түрде сауалдарын жолдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды. Айтып өтер жайт, желі қолданушылары тарапынан ТО ПД Көші-қон қызметі басқармасының жұмыстарына сәттілік тілеп, ризашылықтарын білдіргендер қатары көп болды.

ТО ПД баспасөз қызметі