Түркістан облысында 35 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

түлек

Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен дәстүрлі іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы салтанатты жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Түлектерге тәртіп пен қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға арнайы қатысып, Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары мен оқушыларын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтады. Жас түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздар қауымының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ризашылығын жеткізді.

– Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен және «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – балалық шақтың алтын дәуренімен қимай қоштасып, үлкен өмірге алғашқы сенімді қадам жасайтын сәт. Бұл күн – жүректе мәңгі сақталатын естелік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білімді ұрпақ – еліміздің басты байлығы, мемлекетіміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізі», деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – жай ғана мамандыққа апарар жол емес. Білім – адамды биікке көтеретін күш. Қазіргі заман – білім мен бәсекенің заманы. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, жаңа технология, ғылым мен инновация дамыған дәуірде табысты ел болудың бір ғана жолы бар. Ол – сапалы білім, еңбекқор ұрпақ және озық ойлы жастар. Сондықтан сендерге артылар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Біз сендердің білімді, рухы мықты, туған жерін сүйетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуларыңа сенеміз. Биыл облыс бойынша 35 мыңнан астам түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер 2416 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер 3141 түлек бар. Бұл – шәкірттердің талабы мен табандылығының, ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Сендер – Тәуелсіз Қазақстанның ең еркін, ең ақылды, ең батыл буынысыңдар. Осыдан бірер күн бұрын ғана Түркістанда өткен түркі мемлекет басшыларының тарихи Саммитінде біз қаламызды Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде паш еттік. Енді сол ұлы тарихты алға сүйрейтін де, Түркістанды заманауи мегаполиске айналдыратын да – сендерсіңдер! Ешқашан армандаудан қорықпаңдар! Бүгінгі әлем – IT, жасанды интеллект, стартаптар мен жаһандық инновациялар заманы. Диплом алу – мақсат емес, білімді өмірде қолдана білу, креативті болу – басты тренд. Өздеріңе сеніңдер, бойларыңдағы жастық жалынды еліміздің, туған жеріміздің дамуына бағыттаңдар. Нағыз патриотизм – сөзде емес, білім мен еңбекте. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Түлектерімізге жарқын болашақ тілеймін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысы – республика бойынша білім саласында көш бастап тұрған серпінді өңір. Биыл облыста 1 106 орта мектебінде 554 мыңнан астам бала білім алып, оқу жылын аяқтады. Бұл көрсеткіш ел бойынша жалпы оқушы санының (3 млн 900 мың) 14,2 пайызын құрайды.

2025-2026 оқу жылы өңір үшін жемісті жыл болды. Бұл оқу жылында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2 416-сы «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер, 3 141 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім білдірген.

2025-2026 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы тұңғыш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды. Сонымен қатар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқаулардың облыстық кезеңіне жалпы 5 980 оқушы қатысып, 2 691 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңіне 330 оқушы жіберілді. Нәтижесінде 169 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Халықаралық олимпиадаларға 21 оқушы қатысып, 14 оқушы жүлделі орындарға ие болды. 9-11 сыныптарға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 74 оқушы қатысып, 20 оқушы жүлделі орынға ие болды.

АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы FIRST LEGO League Challenge категориясы бойынша әлемнің топ 5 қатарына еніп, Champions Award финалисті атанып жүлделі II орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияда өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі II орынға ие болды. Жарысқа 56 елдің жас инженерлері қатысты.

Бұл жетістіктер – Түркістан облысында білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау, халықаралық деңгейдегі жобалар мен олимпиадаларға қатысуына мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Түркістан облысының білім саласындағы оң көрсеткіштері – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың ізденісінің, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Оның 16-сы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы арқылы салынған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі