Түркістан облысының полицейлері «Ашық есік күнін»өткізді

Ордабасы аудандық ПБ қызметкерлері «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында аудан орталығы Темірлан ауылындағы Жастар сарайында «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Оған Ордабасы ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің әйелдер құқығын қорғау жөніндегі инспекторы полиция лейтенанты Гүлсін Бекбаева мен жастар орталығының заңгерлері мен психологтары қатысып, іс-шараға келушілерге құқықтық тақырыпта кеңес өткізді. Сондай-ақ психологтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетті.Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды ордабасылық полицейлер Бөржар ауылдық округінің екі мектебінде де өткізді. Тәртіп сақшылары отбасының қоғамдағы рөлін нығайту, құқықтық тәрбиені насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, аталған проблемаға қоғам назарын аудару мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Сонымен қатар, акция аясында учаскелік полиция инспекторлары Ордабасы ПБ ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа бейім 98 адамды және 12 қолайсыз отбасын тексеріп, 23 қорғау нұсқамасын шығарды. Полицейлер атап өткендей, мұндай акциялар мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

ТО ПД баспасөз қызметі