Түркістан облысының полицейлері жоғалған 17 жасар қызды тауып, отбасына табыстады

Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Онда әйел кешкі сағат 21.00 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің отбасы өз беттерінше іздегенімен, еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Қазығұрт АПБ-нің қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында көрген-білгендерден, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде қыздың тұрақтаған жері анықталды. Ол Қазығұрт ауданында орналасқан құрбысының үйінен табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды. Полиция қызметкерлерінің арқасында анықталғандай жасөспірім қыз анасының рұқсат бермегеніне қарамастан, жұмыс жасаймын деп үйінен шығып кеткен. Мұндай жайт бұдан алдында бірнеше рет қайталанған. Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді. Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстау керектігін ескертеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде дос ретінде сөйлесуге кеңес береді.