Түркістан облысының полицейлері қаңтардағы төтенше жағдай кезіндегі 6 қылмыстық істі сотқа жолдады

Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков мәлімдеді. Полиция полковнигі А.Қалдарбековтің айтуынша:«Түркістан облысы ПД тергеушілерінің, сондай-ақ қала, аудандық полиция бөлімшелерінің іс жүргізуінде облыс бойынша төтенше жағдай кезінде тіркелген 17 қылмыстық іс болды. Оның ішінде тонау 6, бұзақылық 3, заңсыз қару сақтау дерегі 2, есірткі заттарын сақтау 2, бөтеннің мүлкін қасақана жою 1, көрінеу жалған ақпарат тарату 1 жайт пен ТЖ кезінде жұмысқа кедергі жасаумен 1 жайт. Тергеушілер аталған істер бойынша дәлелдемелер жинау үшін ауқымды әрі тыңғылықты жұмыстарды жүргізді.Тәртіп сақшылары 20-дан астам күдіктіні ұстап, қамауға алды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 14 тұрғын блок-бекеттерде ұсталған. Тергеушілер қылмыс орын алған аумағына қарай 14 күдіктіге қатысты 8 қылмыстық істі Алматы қаласының Полиция департаментіне жолдады. Ал 6 қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды. Мысалы, қаңтар оқиғасынан кейін 08.01.2022 жылы облыс орталығының Ынтымақ блок-бекетінде тәртіп сақшылары ішінде екі жолаушысы бар «Yutong» маркалы автокөлікті тоқтатады. Жолаушылар жергілікті тұрғындар. Олардан 3 ұялы телефон, 5 фотоаппарат, ноутбук, 11 алтын бұйым, жаңа киім мен аксессуарлар, сондай-ақ 200 мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, олар тәркіленген мүлікті Алматы қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрмыстық техника дүкені мен зергерлік дүкеннен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу барысында ұрлаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі «Тонау» бойынша тіркеді. Күдіктілер қамауға алынған. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Алматы қаласының прокуратурасына жолданды.Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Шардара ПБ-нің полицейлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер ұсталған адамның үйінен жалпы салмағы шамамен 9 келі болатын марихуана есірткісін, ИЖ автоматын, 30 патрон мен 3 жиналмалы пышақты тапты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» мен ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілді»- деп атап өтті ТО ПД бастығының орынбасары А.Қалдарбеков.

ТО ПД баспасөз қызметі