Түркістан облысының полицейлері қолайсыз ауа райында жолда қалған жүргізушілерге көмектесуді жалғастыруда

Соңғы күндері Түркістан облысында ауа райы өзінің тосын мінезін танытып, қыс қаһарына мінуде. Облыста қалың қар жауып, жел ұйытқуда. Үздіксіз соққан боранның салдарынан жолдарда көліктер көптеген қиындықтарға тап болуда. Бет қарыған суық, ұйытқыған қар көліктердің қозғалуына кедергі келтіруде.

Сондықтан осындай жайттарды ескерген Түркістан облысы полиция қызметкерлерінің жеке құрамы жолға шыққан және жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету үшін тәулік бойы күшейтілген қызметке жұмылдырылды.

Полицейлер қар құрсауында қалған 195 адамды жылыту пунктеріне жеткізді. Мәселен Бәйдібек ауданының полиция қызметкерлері «Боралдай-Шаян» тас жолында қарға батып, жолы жабылып қалған «Опель-Вектра» көлігін өздерінің қызметтік көліктерімен сүйреп, тегіс жолға шығуына жәрдемдесті.

Ал жолда қалған жүргізуші: «Ауылдан азық-түлікке шыққан едім, жолда қалып қойдым. Шаян ауылының патрульдік полиция қызметкерлері кездесіп, көмектесті. Жолғабас ауылына дейін сүйреп әкелді. Рақмет. Алла разы болсын!», деп ризашылығын жеткізді.

Бәйдібектік поилцейлер бұдан бөлек жүре алмай жолда қалған көліктерге көмектесіп, жүргізушілердің алғысына бөленуде.

Құрметті жүргізушілер боранда алыс жолға мүлде шықпаңыздар. Қысқы маусымда міндетті түрде көліктеріңізді мезгілге сай дөңгелектермен жабдықтаңыздар деп ескертеді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі