Түркістан облысының полицейлері 5 жыл бұрын жанармай бекетіне жасалған қарақшылықты ашты

2017 жылы қаңтарда Түлкібас АПБ-ның кезекші бөліміне қарулы адамдар жол бойындағы автожанармай құю бекетіне шабуыл жасап, 100 000 теңгеден астам ақшасы бар сейфті алып, белгісіз бағытта жасырынғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері қарақшылық бабымен СДТБТ-ға тіркеді. Алайда күдіктілерді іздеу мен ұстау жұмыстары сол кезде тиісті нәтиже бермеді және қылмыс ашылмаған күйінде қалды.Бүгін осы жайт бойынша қарақшылардың қалай ұсталғаны туралы, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов толығырақ айтып берді:»Шынында да, осы жылдар бойы Түлкібас ауданындағы жанармай бекетіне жасалған қарақшылық шабуыл ашылмаған қылмыстардың қатарында болды. Қылмыс құрамы айқын емес. Бірақ біз үмітімізді үзбедік, қылмыскерлердің жеке басын анықтау және оларды ұстау бойынша жедел іс-шараларды жүргізуді жалғастырдық.2021 жылы жанармай бекетіндегі қарақшылық шабуыл жасауға қатысы болуы мүмкін екі жас жігіт, яғни Шымкент қаласының тұрғындары біздің назарымызға түсті. Жедел іс-шараларды жүргізу барысында біз олардың біреуін Сайрам ауданында ұстадық. Ұсталған азаматтың көлігін тексеру кезінде ішінен шолақ аңшы мылтығы мен есірткіні таптық. Ал оның тұрғылықты жерін тінту кезінде есірткі заттарын тәркіледік. Сараптаманың қорытындысы бойынша тәркіленгендер синтетикалық есірткі болып шықты. Екінші күдіктіні тұрғылықты жері бойынша қолға түсірдік. Күдіктілер мойындағандай, олар жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасап, физикалық тұрғыда қоқаң-лоққы көрсетіп, ішінде ақшасы бар сейфті ұрлап алып кеткен. Содан кейін сейфті ашып, ақшаны алған. Ал сейфті айдалаға тастап кеткен. Күдіктілер ақшаны өзара бөліскен. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы «қарақшылық», 287-бабы «қаруды заңсыз сақтау және алып жүру», 296-бабы » есірткіні заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілер бұрын сотталған, қазір олар қамауға алынды. «- деп қорытындылады подполковник Құрманбек Сахов.

ТО ПД баспасөз қызметі