Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, Президент Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Рашид Аюпов тағайындалды деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Рашид Аюпов 1981 жылы Кентау қаласында туған. Білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген. Информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында «Даулет» өндірістік кооперативінің инженер-операторы ретінде бастаған.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша Ақпарат және сынақ орталығының операторы, жетекші сарапшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы директорының орынбасары және директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көмекшісі болып қызмет атқарған. 2009-2015 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы-шаруашылығы және кадр жұмысы бөлімінің бас консультанты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшылығы Хатшылығының бас консультанты лауазымдарында еңбек еткен. 2015-2018 жылдары аралығында Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметіндегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған. 2018 жылдың қыркүйек айынан «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасы болып қызмет атқарған. 2019 жылдың шілде айынан бері Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарып келген.

2019 жылдан бері бұл лауазымды атқарған Мейіржан Мырзалиев өз еркімен қызметінен босатылды.