Түркістан полицейлері тұрғындарды алдап 5 миллион теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Оның айтуынша, алаяқтың арбауына түсіп, алданып қалған. Яғни алаяқ жәбірленушінің 1 500 000 теңге болатын 280 қап ұнын сатып беремін деп алдап кеткен. Бұл аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР-нің Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарына кірісті. Осындай алаяқтық жолмен тұрғынды алдап, өзінің құрығына түсірген күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден жауаптар алынды. Күдіктінің баруы мүмкін деген жерлер мұқият тексерілді. Осылайша жедел-профилактикалық іс-шара барысында, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жекебасы анықталды. Тәртіп сақшылары алаяқты өзінің тұрғылықты үйінен тауып, Сарыағаш АПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын, орта жастағы азамат болып шықты. Белгілі болғандай полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтады. Атап айтсақ, полицейлер күдікті азаматтың бұдан алдын 2 тұрғынның 25 тонна бидайы мен 45 дана трубасын сатып беремін деп алдап жымқырып кеткенін растады. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын 5 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Осы тұста полицейлер тұрғындарға ескертеді: кез келген бейтаныс адамға сенім артудан абай болыңыздар. Сондай-ақ ақша беру, ақша аудару, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болу қажет. Егер де, сіз, жоғарыда аталған жайттарға тап болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.