Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алубойынша кездесу өтті

Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Зорлық – зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде.

Акция аясында Шымкент қаласында кәсіподақтар орталығында халықты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және жолын кесу бойынша кездесу өтті. Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «Қазақстан әйелдерінің Республикалық Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалы- Шымкент қалалық әйелдер кеңесі төрайымы Баян Жандосова, «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталығы» КММ-ң әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Ұлжалғас Жанысбаева, «Бақытты жанұя» орталығы КММ басшысының орынбасары Ерлан Альжанов, Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Жаныл Спанова және кәсіподақ активі қатысты.

Басқосуда өңірдегі зорлық-зомбылықтың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халыққа таныстыру, олардың полицияға деген сенімін арттыру мен қоғамдағы отбасының рөлін күшейту, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар барысы туралы сөз өрбіді.

Жиында модератор болған Баян Айтбекқызы қатысушыларды таныстырып, елімізде Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мақсатында, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарымен қызметін жақсарту және жетілдіру мақсатында, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасы рөлін күшейту мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық, психологиялық, тұрмыстық көмек көрсететін орталықтардың бар екенін айтты.

«Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның қасіреті десек артық айтқандық емес. Өйткені, соның салдарынан ана да, бала да зардап шегіп, бақытсыздыққа душар болып жатады. Сондықтан, мұндай жайттарды болдырмай, алдын алуға баршамыз атсалысуымыз керек-ақ. Сонда ғана ортақ Отанымыз, қоршаған қоғамымыз гүлденеді» — деді Шымкент қалалық әйелдер кеңесі төрайымы.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Ұлжалғас Жанысбаева жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытында жалпы орталыққа 594- тұлға жүгініп, қызмет көрсетілді. Оның ішінде жатын орынмен қамтылған қызмет алушылар саны-281 адамға жеткендігін атап өтті.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Жаныл Спанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, қатысушыларға зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратты.

Егерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың фактілерін байқасаңыздар немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыздар төменде көрсетілген сенім телефондарына хабарласуыңызға болады.