Тұрғындардың талап-тілектері бақылауға алынды

Аудан әкімі Арман Сәбитов Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Аталған кездесуге аудан прокуроры Д.Тлемисов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Халмурадов, аудандық мәслихаттың депутаты А.Керімов, аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Ш.Убайдуллаев, аудандық мекеме-ұйым, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Ауылдық округінің әкімі М.Оразбаев аудан әкімінің ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өткен кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлердің нәтижесін таныстырды. Олардың ішінде ағын сумен қамту және қайтарымсыз грант алу туралы өтініштер орындалған. Ал, бақылауға алынған мәселелерден «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіру, интернет желісін жақсарту, жаңақұрылыс аумағына балалар алаңшасын салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы аталып өтті.

Сұрақ-жауап кезегінде 94 жастағы қарт, еңбек ардагері Қ.Көмекбаев ауылда отырғызылған ағаштардың уақтылы суарылмайтыны, сонымен қатар аудан әкімінің қабылдауына кіруіне кедергі жасалғаны туралы тілге тиек етті. Айтылған сын шұғыл ескеріліп, нақты жауабы берілді. Бірінші мәселе бойынша ауылдық округінің әкіміне тапсырылса, ал екінші мәселе бойынша алдағы аптаның сәрсенбі күні кестеге сәйкес белгіленген уақытта қабылданатын болады.

Мұнан кейін ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауыл биі Р.Сәбденов ауа райының қолайсыздығы кезінде электр жарығының сөну жағдайы орын алатыны жөнінде уәжін жеткізді. Көшелердегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстырып, кәсіпкерлік нысандарға өз алдына бөлек трансформаторларды орнатуды ұсынды. Бұдан басқа, 3 көшенің тұтынушыларын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді, облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолындағы Ақсу өзені арқылы өтетін көпірді орта жөндеуден өткізуді, кезінде жеке меншікке беріліп кеткен, мектеп жанындағы мақсатсыз пайдаланылмай жатқан 0,62 га жерді мемлекеттің мұқтаждығына алып, жергілікті жастар үшін спорт кешенінің құрылысын салуды, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын және үлкен жүк көліктерінің ауыл аумағынан кіріп-шығуын, олардың шектік мөлшерден артық жүк артуын болдырмауды қадағалауды сұранды.

Соңғы кезекте ақбұлақтықтар қоқыстардан тазарту, көгілдір отынның бағасын төмендету, жеке меншікте тұрған газ құбырларын мемлекеттің меншігіне алу секілді қосымша талап-тілектерін жеткізді.

Аудан басшысы тұрғындардың көкейіндегі мәселелерін тыңдап, бірқатар тапсырмаларды жауапты сала басшылары мен өкілдеріне жүктеді. Талқыланған мәселелердің тиісті шешу жолдары алдағы уақытта заң аясында зердене отырып, қарастырылатынын түсіндірді.

Жиын соңында ақсақал ақ батасын беріп, басшылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.